Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар белсенді жүргізілуде. Үкімет басшысы қолға алынған шаралармен танысып шықты.
Ең алдымен Олжас Бектенов Сергеев су қоймасында болды. Қазіргі таңда су торабына секундына 6 мың текше метрден аса су құйылып жатыр. Су ағызу көлемі 4 мың 700 текше метрден асады. Айта кетейік, гидротораптың сыйымдылығы соңғы 50 жылдағы ең жоғары көрсеткіштерден екі есе артық.
Шұғайып Ибатуллин, «Қазсушар» РМК СҚФ директоры:
– 2023 жылы біз қауіпсіздік декларациясын алдық. Талдау және жедел тексеру нәтижелері бойынша су тораптарының техникалық жай-күйі қанағаттанарлық. Бүгінгі күні су тасқыны басталғалы бері 1,5 миллиард текше метр су өткізіп жіберді, тәуліктік көлемі 529 миллион текше метр суды құрайды. Қазіргі таңда жағдай тұрақтанып келеді. Су деңгейі де ернеуінен аспайды деп ойламын.
СҚО-да су тасқынына қарсы іс-шараларға 3000 адам тартылды
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-Министр Есіл өзеніндегі су басу қаупін азайту үшін барлық күштерді жұмылдыруды тапсырған. Өңірге бөгеттерді нығайту үшін елордадан мыңдаған әскери қызметші жіберілді. Бұл жұмысқа барлығы үш мыңға жуық адам жұмылдырылған. Оның ішінде еріктілер, әкімдік қызметкерлері, сондай-ақ жеке меншік ұйымдардың өкілдері бар. Жалпы, облыстағы жағдай биліктің ерекше бақылауында, өңірде тәулік бойы жедел штаб жұмыс істеп тұр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі: – Жұмысқа жеке құрам мен Ұлттық ұлан жұмылдырылды. Полк те күшейтіледі. Қорғаныс министрлігі қосылды, сондықтан күш жеткілікті болуы керек. Қазір күш біріктіруіміз қажет. Алдағы 2-3 күнде ауыр зардаптардың алдын алу үшін көп жұмыс істеу керек. Ең алдымен адамдар зардап шекпеуі маңызды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Жұмысқа жеке құрам мен Ұлттық ұлан жұмылдырылды. Полк те күшейтіледі. Қорғаныс министрлігі қосылды, сондықтан күш жеткілікті болуы керек. Қазір күш біріктіруіміз қажет. Алдағы 2-3 күнде ауыр зардаптардың алдын алу үшін көп жұмыс істеу керек. Ең алдымен адамдар зардап шекпеуі маңызды.