Қазақстан Президенті Қызылорда облысына барды. Жұмыс сапары «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалымен танысудан басталды. Мұнда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолаушыларды тіркеу және тексеру аймақтары, шекаралық-кедендік бақылау пункттері, күту залы, сондай-ақ автоматтандырылған жүк беру жүйесі көрсетілді. Жаңа терминалды іске қосудың арқасында әуежайдың өткізу қабілеті әлдеқайда ұлғайды. Нысан Халықаралық азаматтық авиация комитеті мен Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Кейін Қызылорда облысының әкімі өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуы жөнінде есеп берді. Нұрлыбек Нәлібаевтың дерегінше, соңғы 4 жылда өңір экономикасына салынған инвестиция көлемі 233% артқан. Биыл өлкеге 720 млрд теңгеден астам қаржы тарту жоспарланған. Оның ішінде жеке инвестицияның үлесі 70% құрайды. Алдағы үш жылда аймақта құны 2 трлн теңгеге жуықтайтын 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Биыл 27 нысанды іске қосу жоспарланған. Бүгінде оның тоғызы пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асырудың маңызын атап өтті.Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Өнер орталығын аралады. Былтыр ашылған ғимаратта концерттер, шығармашылық кештері мен түрлі қоғамдық шаралар ұйымдастырылады. Орталықта бірнеше шығармашылық ұжым орналасқан. Мемлекет басшысы облыстық симфониялық оркестрдің дайындық барысын тамашалады.

