Қазақстан Президенті Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді. Жиында Мемлекет басшысы көші-қон саясатын іске асыруда геосаяси факторлар мен сын-қатерлерді, демографиялық болжамдарды және халықтың көшу себептерін есепке алудың маңызына тоқталды. Президент заңсыз көші-қонды болдырмау бойынша бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ елдің адами капиталын арттыруды ынталандыру қажеттігіне назар аударды. Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке бірқатар нақты тапсырма берілді. Соның ішінде мемлекеттік органдардың функционалдық міндеттеріне сараптама жасау мен қайта қарау және көші-қон саласындағы барлық ақпараттық жүйені интеграциялау ісін күшейту міндеті жүктелді.

