2016 жылдан бастап Ғылым қорының жобаларды гранттық қаржыландыру
нәтижесінде ғылымды қажетсінетін өнімдерді сатудан түскен табыс 35
миллиард теңгеден астамды
құрады. Бұл ретте қазақстандық ғалымдардың өнімдері экспорты 560 миллион теңгеге
шақ келді. Осы уақыт ішінде барлығы 5 байқау өткізілді, оған 1700-ден астам
өтініш берілді. Оның 175-і сатылымға шығып, 16-сы шетелдік нарықты бағындырды.
Ал 5-і 1 миллиард теңгеден астам көлемде сатылымға қол жеткізді.
Ринат Елшібеков, ҚР Ғылым және
жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті басқармасының басшысы:
-Қазір 6 коммерцияландыру байқауы
жүріп жатыр, ол сараптама сатысында, 300-ден астам өтінім келіп түсті, оның
ішінде 70 жоба мақұлданды және олар 2027 жылға дейін қаржыландырылады. Негізінен
бізде агроөнеркәсіптік кешен, жер қойнауын пайдалану саласында жобалар бар,
яғни олар металлургия, тау-кен өнеркәсібі және тағы басқа, үшіншісі – медицинаға
арналған.
Технологияларды
коммерцияландыру реакторы ғалымдардың өнертабыстарын ілгерілетуге көмектеседі. Арнайы диалог алаңы оларға бизнес
серіктестерін табуға бірегей мүмкіндік береді. Ғылым мен бизнесті интеграциялау
жөніндегі соңғы іс-шарада медицина және фармацевтика салаларындағы ондаған
бірегей әзірлемелер таныстырылды. Негізінен - бұл тәжірибесі мол отандық дәрігерлердің жобалары. Олардың
қатарында Мейірбек Аймағамбетов те бар. Ол Семей медициналық университетіндегі
әріптестерімен әмбебап ретрактор әзірледі.
Мейірбек Аймағамбетов,
профессор, м.ғ.д., Семей медицина университетінің «Госпитальдік хирургия»
кафедрасының меңгерушісі:
- Біз көрмеде 20 жылдық жұмыс,
практикалық қызмет, ғылыми қызмет нәтижелерін ұсындық. Мына құралдар - ретракторлар.
Әмбебап болып есептеледі. Яғни, операция кезінде жараның аузын ашып, кеңейтуге
мүмкіндік береді. Операция жасауда таптырмас құрал десе де болады. Мұнда құралдың
3 түрі көрсетілген. Мынау кішігірім жараны емдеуге, соынмен қатар ол
үлкенді-кішілі жараларды, аурулардың аузын ашуға қосымша көмек ретінде қол ұшын
береді. Мынау қосымша аппараттар. Олардың медицина саласына ендіру үшін оны
зауыттық нұсқада шығару керек. Сонымен қатар, хирургиялық бөлімшелерді
жабдықтау үшін зауыттық нұсқада керек.
Айта кетейік,
соңғы технологияларды коммерцияландыру реакторының нәтижелері бойынша бірнеше
ғалым ғылымды қажетсінетін өндірістерді бірлесіп іске асыру үшін бизнеспен
ынтымақтастық туралы алдын ала келісімдерге қол жеткізді.