Қостанай облысында электр энергиясын өндіру 10 есеге артады. Өңірде жалпы қуаты
150 МВт болатын үш жел электр стансасы салынады. Негізі алдағы екі жылда
аймақта жаңартылатын энергия көздерінің 6 жаңа жобасын іске асыру көзделген.
Олардың жиынтық қуаты 1,2 ГВт құрамақ. Қазақстан Премьер-министрі Қостанай
облысында көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі Президент
тапсырмаларының жүзеге асырылуын тексерді. Өңірде автожолдарды жаңғыртуға да
басымдық берілген. Көлік қатынасын жақсартуға бағытталған ірі жобалардың бірі
«Орталық – Батыс» күре жолын төсеу. Жаңа автомагистрал Астананы Арқалық, Торғай
және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытымен байланыстырады. Бұл
ауқымды әрі өңір үшін маңызды жобаның құрылысы халықаралық стандарттарға сай
заманауи жол салуды көздейді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Бұл енді Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан жоба.
Бүкіл еліміз үшін және осы Торғай өңірі үшін өте маңызды. Сондықтан оны
тездетіп сапалы ұйымдастыру керек. Жолдың бойында бизнесті дамытуға басқаша
мүмкіндік ашады. Сондықтан өте маңызды жоба. Өңірге жаңа серпін беретін жоба.
Сондықтан министрлікпен бірге бірлесіп дұрыстап жасау керек.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

