Қазақстанда әскери-патриоттық тәрбиелеудің
бірыңғай жүйесі құрылады. Ол үшін арнайы үйлестіру кеңестері жасақталады. Олар
армияның имиджін қалыптастырумен айналысады. Бұдан басқа, ел әскери даярлыққа
неғұрлым икемді тәсіл қолдануға ниетті. Осылайша, әскери міндеттілер тұрғылықты
жері бойынша ақылы курстардан өте алады. Бүгін Мәжіліс әскери-патриоттық тәрбие
мәселелері бойынша заң қабылдады. Құжат Сенаттың қарауына жіберілді. Жобаға
сәйкес, әскерге шақыру үрдісі оңтайландырылып, жеңілдей түспек. Әскери есепке
алу автоматтандырылады. Сондай-ақ, қызметті кейінге қалдыратын себептер қайта
қаралады. Сондай-ақ, заң жобасына мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша
өкілеттіктердің бір бөлігін Өнеркәсіп министрлігінен Қорғаныс министрлігінің
қарамағына беруді көздейтін түзетулер енгізілді. Мәжілістегі заңнамалық
жаңашылдық әскердегі қызметтің беделін арттыруға бағытталған және бюджеттен
қосымша шығындарды талап етпейді.

