2024 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,8%-ті құрады. Ауыл
шаруашылығында, құрылыста, сауда мен көлікте жоғары серпінге қол жеткізілді. Бұл
ретте өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны жақсы. Отандық өндіріс көлемі 6%
ұлғайған. Бұл сектор отандық экономиканың негізгі драйверіне айналуы тиіс.
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында
еліміздің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы кезеңдегі жұмыстың негізгі бағыттарын белгіледі.
Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету
үшін күрделі шешімдер қабылдауы тиіс. Мемлекет басшысы осының қамында
экономиканы әртараптандырудың басым бағыттарын айқындады. Президент осы
мақсатта стратегиялық тұрғыдан сапалы инвестицияларға, геологиялық барлауға
назар аудару, сондай-ақ, инвесторлар үшін қосымша артықшылықтарды көздеу
қажеттігінің маңызына жіті тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
- Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және
қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет.
Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей
атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным
бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап
қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс.
Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті.
Президент игерілуі технологиялық тұрғыдан күрделі бірқатар
мұнай кен орындары мен тақтатас мұнай кеніштерін экономикалық айналымға енгізуді
тапсырды. Ал қызығушылық танытқан инвесторлар үшін Министрлер кабинеті
мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруы тиіс. Сондай-ақ, өңірдің бәсекелестік
артықшылықтарын күшейту қажет. Ол үшін Үкімет Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен
өзара тиімді байланыстарды дамытуы тиіс. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге
көтеруді тағы бір бағыт деп атады. Министрлер кабинетіне «Мойынты – Қызылжар»
бағытында жаңа темір жол құрылысын бастау және «Қызылжар» бекетінен «Ақтау»
портына дейінгі күре жолды жаңғырту тапсырылды. Саланың дамуына мультимодальды
көлік тораптары мен автокөліктерге арналған жасыл дәлізді іске қосу да мүмкіндік
береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
- Заманауи технологияларды енгізбейінше,
логистиканы табысты дамыту мүмкін емес. Сондықтан қоймаларды автоматтандыру,
маршруттарды цифрландыру, көлік ағынын басқару ісінде жасанды интеллектіні
қолдану Үкімет жұмысының басым бағыттары болуға тиіс. Шұғыл атқаратын шаруаның
бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру. Ірі әуежайларымызды
бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер
қабылдау қажет.
Сондықтан әлдеқашан ескірген ЖЭС-ларын инновациялық көмір
стансалармен алмастыру керек. Еліміздегі алғашқы Атом электр стансасының
құрылысын тездету қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Самұрық-Қазынамен»
бірлесе отырып атом саласын дамыту бойынша ұзақ мерзімді жоспар әзірлеуді,
сондай-ақ, Парламентпен бірге екінші атом станциясын салуға арналған орындарды
ұсынуды тапсырды. Сонымен қатар Президент жаңа технологиялық кезеңнің
қалыптасуы жағдайында цифрландырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Осылайша,
Министрлер кабинеті мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда жасанды
интеллект құралдарын енгізуге кірісуі тиіс. Ал қаржылық реттеушілер шұғыл түрде
елдегі криптовалюталарды заңдастыру және оларды астыртын жұмыс аймақтарынан
шығару үшін заңнамалық базаны қалыптастырумен айналысады.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

