Нидерландыда Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алуға арналған
іс-шаралар өтуде. Голландияның Амерсфорт қаласының маңындағы әскери зираттағы
865 кеңес жауынгерінің бейітіне гүл шоқтары қойылды. Мұнда әскери тұтқындар
жерленген, олардың көпшілігінің тарихы ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келді.
Олардың арасында Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің 100-ден астам тумасы бар.
Олар осы жерге 1941 жылдың қазан айында Шығыс майданнан жеткізілген.
Ремко Рейдинг, Журналист, Зерттеуші /Нидерланды/:
- Қазір біз олардың есімдерін қайта жаңғыртып жатырмыз. Отбасыларын табуға
күш салудамыз. Туыстары алыс жерде тұрғандықтан келе алмайды, сондықтан олардың
атынан гүл шоқтарын қоямыз. Қазақстаннан шыққан сарбаздардың нақты саны әзірге
белгісіз, бірақ кем дегенде 20 адамның есімі нақтыланды. Отбасылары табылды.
Анықталған есімдердің арасында қазақстандық жауынгерлер Ильша Махаметов,
Әділхан Омарбеков, Дмитрий Хмель және Владимир Ботенко бар. Бүгінде іздестiру
жұмыстары ұлттық шеңберден әлдеқайда асып, ауқымды халықаралық ынтымақтастыққа
айналды. Еріктілер мен зерттеушілер архивтерді ақтарып, жеңіс жолында
хабар-ошарсыз кеткен сарбаздардың тағдырын қайта жаңғыртуға күш салып келеді.
Сюзанна Флепсе, Волонтерлар тобының жетекшісі /Нидерланды/:
- Мен сарбаздардың рухына құрмет көрсетіп, олардың туыстарын табу өте маңызды
деп есептеймін. Сондықтан осы жобаға көмектесіп жүрмін. Әртүрлі елдің
азаматтары сарбаздың қабірін «қамқорлыққа» алып, арнайы куәлік ала алады.
Жиналған қаражатқа іздестіруді жалғастырамыз.
Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен тұтқынға түскен сарбаздарының тарихы -
әскери хрониканың бір бөлігі ғана емес. Бұл өз өмірін құрбан етіп, Отанын
қорғаған боздақтардың тағдыры. Олардың есімдері мен өмір тарихы әлі күнге дейін
мұрағаттардан табылуы ықтимал.

