Ел азаматтарының келісімсіз биометриялық деректерді пайдалану шектеледі.
Яғни, жалпыға қолжетімді көздерден дербес мәліметтерді мақсатсыз жинауға тыйым
салынады. Ел Сенаты жасанды интеллектіге қатысты осы және өзгеде
жаңашылдықтарды көздейтін заңдар топтамасын қарады. Жалпы құжаттар жасанды интеллектінің
ұлттық платформасының құқықтық негіздерін құруға бағытталған. Атап айтсақ саланы
реттеудің негізгі ұғымдары мен тетіктерін, жіктелуі мен оларды қауіпсіз
қолдануға қойылатын талаптарды белгілейді. Талқылау нәтижесінде сенаторлар
заңдарды қолдап, оларға бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Мәселен нейрожелілердің
көмегімен жасалған туындылар адамның шығармашылық үлесі болған жағдайда ғана
авторлық құқықпен қорғалады деген түзету енгізу мәселесі сөз болды. Сенат
депутаттары жасанды зейінді пайдалану кезіндегі тәуекелдерге қатысты өзгерістер
бойынша да ұсыныстар берді. Осыған байланысты заңдарды Мәжіліске қайтару туралы
шешім қабылданды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміз
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында жасанды интеллект
технологияларын экономиканың барлық саласына енгізуді тапсырды. Бүгін қаралған
заңдар осы мақсатпен әзірленді. Бұл нормалар жасанды интеллект саласындағы
қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық негіз қалыптастырады. Соған сәйкес
«жасанды интеллект», «дерекнама» және басқа да бірқатар негізгі ұғымдар заң
жүзінде анықталды.

