Солтүстік Қазақстандық ісмерлер V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықты бастады. Олар ең ұзын құрақ көрпе тігіп, шараның ашылуына келген қонақтарды таң қалдырмақ ниетте. Осылайша, олар Гиннестің рекордтар кітабына енуді жоспарлап отыр.
Қала тұрғыны Ғалия Амантайқызы тігіншіліктің тілін түсінетін жан. «Бұл өнер – икемділікпен төзімділікті қажет етеді», - дейді ісмер. Ине сабақтап, кесте тіге бастағанына он жылдай ғана уақыт болған.
Ғалия Амантайқызы, құрақшы:
– Өз әжем мен шешем шебер кісілер болды. Көрпе тігіп, айналысатын. Келін болып түстім, енем көрпелерді күшті тігетін. Солардан қарайтынмын. Қол машинка болатын, шешемнің бұрын жасауға бергені баяғы. Сосын балам электрический алып берген соң, содан басталып кетті.
Он саусағынан өнер тамған шебер былтыр өңірде өзі секілді 10 шақты құрақшыны іздеп, бастарын қосқан. Олар қыркүйекте Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады. Қазақы тәрбиені өн бойына сіңірген жандар ұлттық өнеріміз ұлықтайды.