Қытай Қазақстанның басты сауда серіктесіне айналды

Қазақстан Қытайға 135 тауар позициясы бойынша экспортты 1 млрд долларға арттыруға ниетті. Отандық кәсіпкерлер аспан асты елінің нарқына  өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жаңа түрлерін жеткізуге әзір. Бұл туралы елордада қос ел экспорттаушыларының форумында сауда және интеграция министрі мәлім етті. 


Бұл ретте өткен жылдың қорытындысы бойынша Қытай еліміздің  сыртқы сауда серіктестерінің арасында көш бастағанын айта кеткен жөн. Мәселен былтыр тараптардың өзара тауар айналымы 31,5 млрд долларға жетіп, рекордтық көрсеткіш орнатқан. Оның жартысына жуығы экспортқа тиесілі. Яғни, көрші елдің нарқына жеткізілетін қазақстандық өнім көлемі де 12% өскені байқалады. Әлеует әлі де бар. Енді өзара алыс берісті қысқа мерзімде 40 млрд долларға жеткізу межеленіп отыр. Бұл жоспарды ауыл-шаруашылық саласындағы әріптестік аясын кеңейту арқылы толтыру көзделуде. Әсіресе аспан асты елінде қазақстандық дәнді дақылдарға сұраныс артып келеді.   

 

Арман Шакқалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі: 


– Қытай Халық Республикасынан бірнеше, яғни 200 астам бизнесменді шақырдық. Мысалы жүгері бойынша айтатын болсақ, осы форумның аясында 300 мың тоннаға контрактация жасайтын боламыз, алдын ала форворт арқылы. Олар бізден тағы рапс майының 500 мың тоннасын сұрап жатыр. 

 

Рустам Жанатаев, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ҰК басқарушы директоры:

 

– 2022 жылы бидай экспорты небәрі 130 мың тонна болған. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 600 мың тоннаға дейін жетті. Осы жылдың үш айына жетпес уақытта Қазақстаннан 200 тоннаға тарта астық жөнелтілді. Біз бұл бағытта үлкен әлеуеттің барын көріп отырмыз. Сондықтан елімізден Қытайға бұл экспорт көлемін кемінде 1 млн тоннаға дейін жеткізе аламыз. Осылайша Қытай  қазақстандық бидайды дәстүрлі сатып алатын елге айналдыруды көздейміз.