Вокалдық техника бойынша әлемдегі үздік профессор қазақстандық опера әншілеріне шеберлік сабақтарын беріп жатыр. «Астана Опера» театрында жергілікті күміс көмейлі орындаушылар ән айтудың хас шеберінен жеке жаттығу бағдарламасын меңгеруде.
Еске салайық, Анатолий Гусев – осы бағытта тәжірибесі бай ұстаз. Шәкірттерінің дені халықаралық деңгейде танылып жүр. Маманнан білім алуға құмар вокалистер көп. Ол Еуропаның танымал өнер ошақтарымен тығыз әріптестік орнатқан. Сабақтардың бағдарламасына техникалық дайындық стильмен жұмыс жасау және Италия, Франция тілдерінде арияларды дұрыс айту сынды жаттығулар кіреді. Шеберлік сағаттары 8 шілдеге дейін жалғасады. Сондай-ақ маман Джузеппе Вердидің «Травиата» операсына екі құрамды даярлайды.
Анатолий Гусев, Г. Доницети атындағы музыкалық академияның профессоры /Милан/:
- Екі бірдей құрамдағы кейіпкерлерді іріктеп жатырмыз. Сахна мәнері, интонациялар мен ноталардың дұрыс айтылуын үйренудеміз. Бұл бағытта қызу жұмыс жүріп жатыр. Мен әр ісіме жауапкершілікпен қараймын. Әншілердің менің берген ұысыныстарыма, қойған талаптарыма түсіністікпен қарайтынына қуаныштымын.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов