Қазақстанда осымен төртінші рет «Франкофон көктемі» фестивалі бастау алды. Ұйымдастырушылар – Франция, Бельгия, Канада, Марокко және Швейцария елшіліктері биыл да мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынып отыр.
Сонымен қатар дәстүрлі күнделікті киномарафоннан бөлек, виртуалды білім беру жәрмеңкесі, ал нағыз корольдік сән-салтанат әлеміне шомғысы келетіндер үшін Версальға 3D турлар қарастырылған.
Франкофондар клубымен бірлесе театрлық шеберлік сағаттары және атақты француз бас аспазының қатысуымен семинарлар, сондай-ақ балаларға арналған ойын іс-шаралары жоспарланған. Ұйымдастырушылар қазақстандықтарды алда көптеген қызықты және әсерлі оқиға күтеді деп сендіреді.
Басты мақсат – қазақстандықтарды француз тілінде сөйлейтін елдердің мәдени құндылықтарымен таныстыру.
Дидье Канесс, Францияның Қазақстандағы елшісі:
- Биыл біз дәстүрлі «Франкофон көктемі» фестивалін 13 наурыз бен 30 сәуір аралығында өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұнда Франция, Марокко Корольдігі, Бельгия, Канада, Швейцария секілді француз тілді елдерден түрлі іс-шаралар ұсынылады. Айта кетейік, Қазақстанның барлық аумағында 50-ге жуық мәдени іс-шара өткізу жоспарымызда бар.
Авторы: Гүлбану Тәжібек