Биыл «Алтын адам» толықметрлі анимациялық фильмі қалың
көрерменге жол тартады. Ол Қазақстан кинотеатрларында ұсынылады. Фильм
режиссерлері барлық жастағы көрермендерді ежелгі сақ аңыздарының таңғажайып
әлеміне саяхат күтіп тұрғанын алға тартады. Экшн және фэнтези жанрында салынған
бұл анимациялық туынды батыл сақ жауынгерінің оқиғасын баяндайды. Ол өмір
отының құпиясын табу үшін Хан Тәңірі шыңына қауіпті сапарға аттанады.
Мультфильм 2D форматында жасалған. Бұл ежелгі дәуірдің жарқын әрі әсерлі атмосферасын
жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сол заманның тасқа қашалған суреттері
мен сәулет өнерінің элементтері көрініс табады. Айта кетейік, бұл оқиғаның
шабыт көзі Есік қорғанынан табылған бірегей археологиялық жәдігер – Алтын адам.
Тұрдыбек Майдан, режиссер, сценарист
- Өскелең ұрпақ осы «Алтын адамның сауытты қандай адам киді екен?» деген сұрақ
туындайды. Осы фильмде осы сұраққа жауап бердік деп ойлаймын. «Алтын
адам» сауыты ол жылтыр алтынмен апталып, күміспен күптелгендігімен ғана
ол алтын адам емес. Оның жан дүниесіде алтын болуы керек.
Тілек Тілеуғазы, режиссер:
- «Алтын адам» толықметрлі анимациялық фильмі сонау Сақ дәуіріндегі Сақ
патшасының ханзадасы Аңқыл деген кейіпкердің басынан өткен уақиғалары
баяндалады. Ол өзінің достарын ертіп, ұзақ сапарға шығады. Соңында Көк Тәңіріне
жолығып, өздерінің Тәңірінен алтын жебені сыйлыққа алып, жеңіске жетеді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

