Елордада халықаралық тазылар көрмесі өтті. Арнайы комиссия 100-ге тарта
құмайдың дене тұрқын тексеріп, бабын сынады. Мамандар төлтумалардың мінез
құлқымен қатар қан тазалығын мұқият саралады. Бұл асыл тұқымды иттердің бәрі өз
өңірлерінің үздіктері. Наталия Хардинаның 3 тазысы Шығыс Қазақстан аймағының
іріктеуінен мүдірмеген.
Елена Хардина, итбегі:
-Мен кинологиядағы қызметімді 1991 жылы бастадым. Алғашында доберман,
боксер және мопс тұқымды иттерді асырадым. Яғни, көптеген асыл тұқымды күшіктерді
бақтым. Өзім ұйымдастырған көрмеде 2006-шы жылы алғаш рет тазыларды жолықтырдым.
Оларды Шығыс Қазақстан облысының Рулиха ауылынан әкеліпті. Сол таныстықтан бері
әлі күнге дейін өзге тұқымдарды
мойындамаймын. Тек тазы баптаймын деп шештім.
Халықаралық кинология федерациясының басшылығы таза қанды тазылардың түр-сипатын мұқият тексерді. Аң көрсе аттап
бастырмайтын қасиетіне көз жеткізу міндетті. Олар сондай-ақ елде асыл тұқымды иттерді сақтау мен санын
арттыру үшін жасалып жатқан генетикалық зерттеулермен танысады.
Ив де
Клерк, Халықаралық кинология федерациясының атқарушы директоры:
-Қазақы тазы саятшылыққа бейімделген жануар. Сондықтан аңға шауып желмен
жарыса алатын жүйріктігін дәлелдеу керек. Саятшылық құру үшін көзі өткір
болғаны абзал. Яғни, үлкен қашықтан көре алатын ерекше қасиетке ие болуы
тиіс. Шыдамдылығы маңызды.
Дене-бітімінің де сәйкес болғанын қараймыз. Сүйегі мықты асыл тұқымды ит екенін
дәлелдеу керек. Біз осындай бекітілген негізгі көрсеткіштер мен қасиеттеріне
сүйеніп шешім шығарамыз.
Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтар одағының президенті:
-Осы көрменің қорытындысы бойынша комиссия Халықаралық кинологиялық федерациясы Бас комитетінің «Kazakh Tazy» Қазақстанның ұлттық тұқымы мен бренді деп тану туралы шешіміне негіз болатын өз қорытындысын жасайды. Егер стандарт иттің биіктігі белгілі бір өлшемде болуы керек десе, олар бұл параметрдің стандартқа сәйкестігін тексереді. Егер стандартта тұқымның қызыл, ақ және қара түстері бар деп жазылса онда олар осы талаптарға сәйкестігін тексереді.
Комиссия тексеріс нәтижелерін Халықаралық
кинологиялық федерацияның Бас комитетіне береді. Ол ұсыныстар қыркүйек айының
басында Амстердамда өтетін жиында қаралып, тазының тұқымына қатысты шешім
шығарылады.