Елордада мемлекеттік рәміздер күніне орай, тұңғыш рәмізтанушы Ербол
Шаймерденовті еске алу конференциясы өтті. Ол мемлекеттік комиссияның мүшесі
ретінде тәуелсіз Қазақстанның нышандарын әзірлеу ісіне сүбелі үлес қосқан қоғам
қайраткері. Сондай-ақ, Ұлттық геральдиканы қалыптастыруға белсене атсалысты. Осы
тақырыптарда тырнақалды ғылыми-зерттеу еңбектер жазды. Әдебиет әлемінде де өз
қолтаңбасын қалдырды. Бірнеше өлең кітабы жарық көрді. Тың публицистикалық жинақтары
рухани мұрамыздың қорын толықтырды. Ербол Шаймерденов саналы ғұмырын еліміздің
мәдениеті мен баспасөзінің, тіл саласының өркен жаюына арнаған. Бүгінде
ғалымдар оның көпшілікке жарияланбаған еңбектерін зерттеуге ден қойған.
Қуаныш Жиенбай, Жазушы:
- Оның рәміздерден бөлек, афоризмдерден бөлек, публицистикаларынан бөлек
жиырма шақты поэзиялық кітаптары бар. Оның поэзиялық кітаптарына бірнеше композитор
ән шығарған, оның әндері де, әндеріне жазған сөздері де, әлі күнге дейін
айтылып келе жатыр. Оның әлі де айтылмаған шығармалары, Ерболдың жарияланбаған
әдеби шығармалары, әдеби аудармалары, әлі де халықтың рухани қазынасына
айналған жоқ. Ол біздің келешектің шаруасы.

