Қазақстан жасыл ауыл шаруашылығын дамытуға ниетті. Ол үшін елімізде ауыл шаруашылығы жерлері пестицидтерден тазартылады. Отандық сарапшылар Алматыдағы Халықаралық конференцияда қауіпсіз технологияларды зерттеуде. Осыған байланысты БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы ФАО сарапшылары өз тәжірибелерімен, сондай-ақ инновациялық әдістерімен Қазақстанмен қатар Орталық Азия елдерімен де бөліседі. Шетелдік ғалымдар атап өткендей, үш жылдан бері Қазақстан өңірлерінде ластанған топырақты био және фиторемедиациялау жобасы жүзеге асырылуда. Жұмысқа кірісер алдында барлық жерлерде, мыңға жуық учаскеде тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның 160-ында ескірген химиялық препараттар табылды. Осылайша микроағзаларды қолдану арқылы топырақты тазартуды пайдалану ұсынылды. Бұл – ластаушы заттарды жоюдың табиғи, экологиялық қауіпсіз тәсілі. Сарапшылардың айтуынша, «жасыл» технология топырақты қалпына келтіруге де көмектеседі. Нәтижесінде – бұл аграрлық жерлердің тозуын, құнарсыздануын тоқтатып, Қазақстанда астық өндіру көлемін арттыруға септеседі.
Таня Сантиванес, ФАО-ның Еуропадағы және Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігінің ауыл шаруашылығы жөніндегі маманы:
– Бұл технология жаңа деп айтуға болады. Өйткені ол табиғаттың өзімен негізделген, яғни оның есебінен осындай мәселелерді шешуге болады. Біз бұл технологияны Қазақстанда, Қырғызстанда және басқа да Орталық Азия елдерінде ілгерілетудеміз. Бұл бағытта алға басушылық бар. Биоремедиация мен фиторемедиация топырақтың құнарлылығын арттыратынын айта кету керек.
Жаңыл Бозаева, Қазақстандағы ФАО бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі:
– Бүгінгі конференцияның негізгі мақсаты – пестицидтерді дұрыс пайдаланбаудың жанама әсерлеріне назар аудару. ФАО ауыл шаруашылығы ресурстарын орнықты пайдалануды насихаттайды. Биопестицидтерге келетін болсақ, оларды пайдаланудың артықшылығы – топырақты, ондағы микроорганизмдерді қорғауға болады, онда тұтас экожүйе бар екенін түсіну қажет. Бұл адамға да тікелей әсер етеді.