Қазақстан Президентінің Нью-Йоркке сапары жайында сарапшылар пікірі

Қазақстан Президентінің Нью-Йоркке сапары жайында сарапшылар пікірі

Қазақстан Президентінің Нью-Йоркке жасаған сапарын саясаттанушылар стратегиялық маңызға ие деп санайды. Оның аясында Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің ірі трансұлттық корпорациялары және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Еліміз мұнай-газ саласының әлемдік көшбасшыларымен ынтымақтастықты нығайтуда, озық технологиялар мен «жасыл» энергетиканы дамытудың тың әдістері талқылауда. Саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков мұның барлығы тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл Орталық Азияға экономикалық тұрғыдан тиімді екенін атап өтті. Оның үстіне сапардың басты оқиғаларының бірі - көлік дәліздерін дамыту. Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайтуды жоспарлап отыр. Бұл ретте Қытайдан Еуропаға Каспий арқылы өтетін Транскаспий, яғни Орта дәліз ерекше маңызға ие. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында бұл бағыт жолды қысқартумен қатар, тиімді әрі қауіпсіз саналады.  

Сұлтан Әкімбеков, Саясаттанушы: 

- Біз құрлықтың ортасында, яғни тоғыз жолдың торабында тұрған елміз. Сондықтан Қазақстан арқылы теңіздегі сауда порттарына қол жеткізуге болады. Жалпы біз негізгі тауар ағындарын тоғыстыратын торапқа айналып келеміз. Қытай мен Еуропаны байланыстыратын Орта дәліз бұған дәлел. Бұған Солтүстік-Оңтүстік бағытын қосыңыз. Оған қоса темір жолдар жаңа локомотивтермен қамтамасыз етіледі. Бұның бәрінің мультипликативті әсер беруі тиіс. 

Мемлекет басшысының сапары аясында Қазақстан мен Құрама Штаттардың ірі компаниялары арасында 11 келісім мен меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Президенттің көмекші-баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді. Құжаттар елімізге 5 млрд доллардан астам инвестиция тартуды көздейді. Оларда көлік, логистика, энергетика, ақпараттық технологиялар сынды негізгі стратегиялық салалар қамтылған. Сарапшылардың пайымынша, бұл алдағы жылдары тың экономикалық әсер беріп қана қоймай, Қазақстанның әлемдік аренадағы ұзақ мерзімді ұстанымын нығайтады. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?