Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің ірі паркі құрылады. Ауқымды жобаға Біріккен Араб Әмірлігі 1,4 млрд доллар қаржы құюға мүдделі. Мәжіліс тараптар арасындағы тиісті инвестициялық келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдады. Оның аясында Жамбыл облысында екі жел электр стансасы салынады. Әрбірінің қуаты 500 МВт. Яғни, нысан жылына орта есеппен желден 3,4 млрд КВт/сағат энергия өндіруге қауқарлы болады. Бұған қоса, екеуі де энергия сақтау жүйесімен қамтылады. Бастама еліміздің жаңартылатын энергия көздерін 3% ұлғайтады деп күтілуде. Мамандардың есептеуінше, қос жасыл өндіріс қоршаған ортаға бөлінетін көміртегі көлемін 2 млн тоннаға азайтады.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Инвестормен бірлесіп жергілікті кадрларды оқыту және олардың біліктілігін арттыру бағдарламасы қолға алынады. Нәтижесінде жаңа технологиялармен жұмыс істей алатын жоғары білікті мамандардың жаңа буыны қалыптасады. Жоба аясында қазақстанға алғаш рет озық халықаралық тәжірибе негізінде энергия жинақтау жүйелері мен жоғары кернеулі желілер салынады. Ұзындығы 425 шақырым болатын электр жеткізу желілері құрылысының нәтижесінде елдің Солтүстігі мен Оңтүстік аймақтарын байланыстыратын транзиттік әлеуетті арттыратын болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

