Қолайсыз ауа райында әуекомпаниялар мен әуежайлар арасындағы үйлестіру күшейтіліп, жолаушыларды тасымалдау үшін іс-қимыл алгоритмін әзірлеу. Бұдан басқа, әуежайларды арнайы техника, құрал-жабдықтармен қосымша жарақтандыру. Үкіметтің жаңа жылда алғашқы жұмыс кеңесінде қолжетімді көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Премьер-Министр жекелеген ведомстволар мен ұйымдардың, сондай-ақ үйлестіру штабтарының өзара әрекетін күшейту және шектеулер енгізілген кезде көлік құралдарының жолға шығуға тыйым салу шараларын түсіндіру бойынша жүргізушілермен алдын алу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бұл ретте айта кетерлігі, мереке қарсаңында Жедел штаб елдегі жағдайды толық бақылап, дер кезінде қажетті шараларды қабылдау үшін тәулік бойы жұмыс істеді. Ауа райы тылсым мінез танытқан кездері жол қызметтері, әкімдіктер мен полиция бірлесіп кешенді шараларды қолға алды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- 25 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық өңірінде ауа райы күрт бұзылды. Ауа райына байланысты 150-ге жуық ескерту жарияланды. Жалпы орталық және жергілікті мемлекеттік органдар үйлесімді жұмыс жүргізді. Сонымен бірге қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін бірқатар мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту керек. Авто жолдар мен елді мекендердің көшелерін тәулік бойы қардан тазартуды қамтамасыз ету қажет. Жолаушыларды жылыту пунктерінде шұғыл эвакуациялау үшін көлік құралдарының резервтік санын ұлғайту қажет. Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» компаниясы республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдарда қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуы тиіс.