Қазақстанда суперкомпьютер жүйесі іске қосылады

Биыл Қазақстанда жасанды интеллект орталығы құрылады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегінше ол Astana Hub базасында ашылмақ. Аталмыш орталық әлемнің озық деген тәжірибесін ендіруге арналған тұғырнама қызметін атқарады. Онда елдің бизнес, ғылым, цифрландыру және өзге де сала өкілдері мен шетелдік сарапшылар бас қосады.  Сарапшылар кеңесі жасақталады. Сонымен қатар  жыл сайын жасанды ақыл-ойға негізделген 100 шақты стартап жоба қолдау тауып, бір мың сала маманын даярлау көзделген. Бұған қоса, 2026 жылға қарай жылына осы салада 1 млрд доллар экспорттық кіріске қол жеткізу міндеті айқындалған. Елде жасанды интеллекттің әлеуетін арттыру аясында «суперкомпьютер» жүйесін де іске қосу көзделген. Бұл қуаты күшті – серверлердің жиынтығы. Атап айтқанда, онда базалық деректер сақталады.

Ғизат Байтұрсынов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі департаментінің директоры:

-Біз ақпаратты «smart ukimet» арқылы бір платформада қазіргі уақытта жинау бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз.  Сол ақпаратты алдағы уақытта  біздің тұтынушыларға жасанды интеллект бойынша өнім жасау үшін  беретін боламыз. Ал оның есептеу қуатын жүзеге асыру үшін G42 компаниясымен бірлесіп осы жылдың ортасында Қазақстанда суперкомпьютерді іске қосамыз деген ойымыз бар.