Қазақстан мен Қырғызстанның шекаралас аумағында индустриялық сауда-логистикалық кешен құрылады. Ел Мәжілісі тараптардың бұл жобаға қатысты уағдаластығын реттейтін келісімді қабылдады. Жалпы аумағы 36 гектар жерді алатын кешен «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері маңында орналаспақ. Оның құрылысы толық инвестициялық қаражат есебінен жүзеге асады.
Алдын ала есептеулерге сай, ауқымды жобаның жалпы құны 30 млрд теңге шамасында болмақ. Жаңа кешенде тауарлар мен жабдықтарды сақтауға арналған қоймалар салынып, инженерлік және көлік инфрақұрылымын тарту жоспарланған. Ал өндірістік алаңдарда сүт, ет, көкөніс, тоқыма, фармацевтика және тағы басқа өнімдер шығаратын бірлескен жобалар іске асырылады. Бұл ретте екі жақтың да әлеуеті жеткілікті дейді, мамандар.
Айта кетейік, былтыр Қазақстан мен Қырғызстан арасында тауар айналым 1,6 млрд долларды құрады. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті америкалық валютада 3 млрд-қа жеткізу межеленіп отыр. Депутаттар индустриалық сауда-логистикалық кешен алыс-беріс көлемін еселеуге ықпал ететінін айтады.
Мақсат Толықбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақ-қырғыз шекара аймағына заманауи қайта терең өңдеу сияқты сауда орындары бар, арнайы қоймалары бар сауда логистикалық кешен керек-ақ. Бұл, сондай-ақ экспорт-импорттық операциялар бойынша құжаттарды рәсімдеу, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту үшін өндірушілер мен кәсіпкерлер арасында іскерлік байланыс орнату үшін жасалып жатқан қадам.
Мұқаш Ескендіров, Қр Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жамбыл облысында индустриялық сауда-логистикалық кешеннің құрылуы өнім өндіру үшін кооперациялық жобалар құруға, өнім жеткізу тізбегінде қатысушылардың санын қысқартуға, екі мемлекеттің шекарасындағы көлік кептелістерін жою есебінен жеткізу жылдамдығын арттыруға ықпал етеді.