Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жеңіс күніне орай Халық қаһарманы, Кеңес
Одағының батыры, белгілі қаламгер Бауыржан Момышұлының Астана қаласындағы
ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бауыржан Момышұлының өмір жолы – нағыз
жасампаз патриотизмнің, ар-намыстың әрі Отанға қызмет етудің биік шыңы, деді
Ерлан Қарин. Рәсім барысында Мемлекеттік кеңесші батырлардың ерлігі халық
жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Мәселен, Мемлекет басшысының Ұлттық
Құрылтайдың Атырау облысында өткен отырысындағы тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы
«Айбын» орденінің дәрежелеріне Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының,
Рақымжан Қошқарбаевтың есімдері берілді. Бұған қоса Президент Қасым-Жомарт
Тоқаев 2025 жылғы 24 желтоқсанда Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толған
күні даңқты батырға «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Жаңа жылдың алдында Мемлекет басшысы Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы»
атағын берген болатын. Бауыржан атамыздың туысы Зейнеп апамызға «Халық
Қаһарманы» жұлдызын табыс етті. Биылғы жыл тарихи әділдіктің орнаған жылы
болды.

