Елімізде заманауи геологиялық қор қоймасы салынады. Оның құрылысына қажетті жерді осы сәуір айында елорда әкімдігі бөледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлімдеді. Нәтижесінде ел геологиялық ақпаратты сақтаудың заманауи инфрақұрылымымен қамтамасыз етілмек. Сарқылмайтын кен жоқ. Сондықтан еліміздің жер қойнауынан жаңа қазба байлықтарын табу қамында геологиялық барлаудың озық тәсілдер ендірілмек. Ол үшін алдымен әр аймақты Жерді қашықтықтан зондтау ұсынылады. Яғни, аэрогеофизикалық зерттеулер көрінбейтін жерлерді анықтайды. Бұндай терең талдау жұмыстары биыл Солтүстік Балқаш және Қалба-Нарым кен орынданында жүргізіледі. Бұл сирек кезігетін шикізат қорларын анықтауға сеп болады дейді сала мамандары.
Ерлан Ақбаров, ҚР ӨҚМ геология комитетінің төрағасы :
-Мемлекет басшысы 2026- жылға қарай зерттеу алаңын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін
жеткізуді тапсырды. Жер қойнауын пайдалануға құйылатын инвестицияларды арттыру
мақсатында мемлекеттік қорды басқару бағдарламасына еліміздегі пайдалануға
жарамды жер қойнауының барлық аумағы енгізілген. Осылайша, бүгінгі күні
заңнамада көзделген шектеулер мен тыйымдарды ескере отырып, жер қойнауын
пайдалануға жарамды барлық аумақ ашық. Техникалық түзету жұмыстары
тұрақты негізде жүргізілетін болады. Қазіргі қол жетімді алаң - 1,9 млн шаршы
шақырымды құрайды.
Былтыр 74 жер қойнауының учаскесі бойынша құны шамамен 3,5 млрд теңгені
құраған 2 аукцион өткізілді. Биыл 30 - маусымға дейін қайтарылған 23 кен
орны қайта саудаланады. Бұдан бөлек 83 резервтік кен орнын аукционға шығару
жоспарланып отыр. Бұл ретте соңғы 5 жылда геологиялық зерттеуді мемлекеттік қаржыландыру
52 млрд теңге, жер қойнауын пайдаланушылардан барлауға құйылатын инвестициялар
357 млрд теңгені құрағанын айта кету керек.