Мемлекет басшысы Жетісу облысындағы бірқатар әлеуметтік нысандармен танысты

Мемлекет басшысы Жетісу облысындағы бірқатар әлеуметтік нысандармен танысты

Мемлекет басшысының Жетісу облысына жұмыс сапары «Талдықорған» индустриялық аймағын аралаумен басталды. Мұнда өндірістік аккумулятор шығаратын зауыт орналасқан. Мұндағы аккумулятор батареялары мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібінде, телекоммуникацияда, теміржол саласында, сондай-ақ «жасыл» энергетикада үздіксіз энергия көзі ретінде қолданылады. Дайындалған өнімнің жартысынан көбі ТМД және Балтық елдеріне экспорттау, қалған бөлігін отандық нарықта сату жоспарланып отыр. Ал, зауытқа қажетті шикізаттың басым бөлігі Қазақстан кәсіпорындарынан сатып алынады. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесіп, еліміздегі өндірістің рөлі туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекет мықты болсын десек, ең алдымен, өңірлеріміз қуатты болуы керек. Өндірісі дамыған елге айналу үшін осы салаға көңіл бөліп отырмыз. Стратегиялық маңызы бар Жетісу облысына ерекше назар аударамы.

Кәсіпорын басшыларымен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнесті қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылатынын тағы да атап өтті. Жалпы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Президентке облыс әкімі Бейбіт Исабаев баяндады. Осылайша, жалпы өңірлік өнім өсім көрсетті. Көрсеткіш жыл аяғында 7%-тен асады, ал өнеркәсіптік өндіріс 4%-ке еселенеді. Өңірге тартылған инвестициялар да артқан. Осы ретте олардың саны 1,5 есе өскен. Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорған маңындағы Ынтымақ ауылында биыл салынған мектепке ат басын бұрды. Жалпы биыл облыста 3 жаңа мектеп ашылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қолданысқа берілген «Жетісу» волейбол клубының оқу-жаттығу спорт кешенін де аралап көрді. Мемлекет басшысы спортшыларға арналған тұрғынжаймен танысты. Президент спортшылармен әңгілемелесу барысында алдағы жарыстарда жеңіске жетулеріне тілектестік білдіріп, волейбол добына қолтаңба қалдырды.

Жәнібек Омар, Волейболдан «Жетісу» ерлер құрамасының мүшесі:

– Былтырғы жылдан бастап біздің команда Ұлттық лигада өз өнерін көрсетіп келеді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы чемпионатының бірінші турында жеңімпаз атандық. Сонымен қатар, Қазақстан кубогында үшінші орынға ие болдық.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық қорының демеушілігімен салынған Үстел теннисі орталығымен танысты. Ғимаратта Үстел ойындары және спорттық туризмге мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі орналасқан. Жалпы, өңірде бірқатар жаңа дене шынықтыру орталықтары салынып, бұқаралық спортты дамыту үшін модульдік кешендердің құрылысы басталды.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?