Қазақстан Президенті Нью-Йоркке сапары аясында БҰҰ Бас хатшысымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Гутерриш Ұйымның Бас Ассамблеясы сессиясының күн тәртібін талқылады. Мемлекет басшысы Қазақстан Ұйымға алдағы уақытта да қолдау көрсетіп, оның бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту ісінде жетекші рөл атқара беруіне белсенді түрде атсалысатынын айтты. Кездесуде Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығының қызметі туралы меморандумға қол қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы алаңында Черногория Президенті Яков Милатовичпен кездесті. Мемлекет басшысы Қазақстан Черногорияны Балқан түбегіндегі маңызды серіктесі санайтынын атап өтті. Келесі жылы екі ел арасындағы дипломатиялық ынтымақтастық орнағанына 20 жыл толады. Алматы мен Подгорица арасында тікелей әуе рейсінің ашылуы, сондай-ақ Қазақстан азаматтарына визасыз режим енгізілуі қос халықты жақындата түсті.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Украина Президентімен кездесті. Владимир Зеленский Украинадағы жағдайға байланысты көзқарасын жеткізді. Қазақстан Президенті қақтығысты тоқтату мақсатында дипломатиялық жұмыстарды жалғастыру қажет екеніне назар аударды.
Қазақстан Президенті Еуропалық Кеңес басшысы Антониу Коштамен келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ұйыммен екіжақты негізде, сондай-ақ C5+ форматы аясында серіктестікті арттыруды берік ұстанатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық футбол федерациясының
президенті Джанни Инфантиномен FIFA Arena бағдарламасын жүзеге асыру барысын
талқылады. Мемлекет басшысы балалар футболын дамыту мен заманауи инфрақұрылым
құрып жатқаны үшін Федерацияға ризашылық білдірді. Өз кезегінде Джанни
Инфантино бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін растады.

