Ашхабадта БҰҰ-ның 80 жылдығына және Түрікменстан бейтараптығының 30 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. Қатысушылар әлемдік құрылымның бейбітшілікті, сенім мен орнықты дамуды ілгерілетудегі рөлін, сондай-ақ Түрікменстанның жаһандық бастамаларды іске асыруға қосқан үлесін талқылады. Сыртқы істер министрі Рашид Мередов елдің Ұйыммен ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті. Соңғы 20 жылда жалпы құны 545 млн доллардың 560-тан астам бірлескен жобасы іске асырылды. БҰҰ-ның Даму бағдарламасы мен ДДСҰ елдегі медициналық орталықтардың құрылысын, ана денсаулығын жақсарту және туберкулезбен күрес жөніндегі бағдарламаларды қолдайды. Ал, ЮНИСЕФ балаларға білім беру және олардың құқықтарын қорғау бойынша әріптестік құрған. Экология, климаттың өзгеруі және табиғатты қорғауға да ерекше назар аударылады. Түрікменстан БҰҰ-мен бірлесіп Каспий жүйесін қорғау жөніндегі жобаны іске қосты.
Дмитрий Шлапаченко, БҰҰ-НЫҢ Түрікменстандағы тұрақты үйлестірушісі:
- БҰҰ-ның қызметі Түркіменстанда дамып келе жатқанына қуаныштымыз. Біздің Түрікменстан үкіметімен ынтымақтастығымыз қарқын ала түсті. Бұл әріптестігіміз бұрыннан стратегиялық бағытқа айналды. Қарым-қатынастарды одан әрі жетілдірудің маңызы зор. Біздің ел Үкіметімен құрған стратегиялық кеңес бірлесіп жасайтын көптеген мәселелерді анықтады. Сондықтан біздің байланысымыз үдей беретініне сенімдімін.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылардың Түрікменстан Президентіне Жолдауы қабылданды. Одан кейін ел Үкіметі мен БҰҰ арасындағы алдағы 5 жылға арналған тұрақты даму саласындағы ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасына қол қойылды. Бұл құжат өзара іс-қимылдың стратегиялық басымдықтарын айқындайды.

