Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы жаңа жыл қарсаңында дәстүрге айналған Петербургтегі кездесу мазмұнды өткенін атап өтті. ЕАЭО қызметіне қатысты бірқатар мәселе қаралып, шешімдер қабылданды. ТМД форматы аясындағы ықпалдастықтың аса маңызды әрі өзекті мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өзара ынтымақтастық табысты болып, қарым-қатынас қарқын алғанын тілге тиек етті. Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстар барлық бағыттар бойынша дамып келе жатқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. 12 қарашада Ресейге жасаған мемлекеттік сапарым өте нәтижелі өтті. Сол сапар барысында қонақжайлық танытқаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Қазақстан Ресеймен стратегиялық серіктестік және одақтастық байланыстарға ерекше мән береді. Біз Қазақстан мен Ресей азаматтарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелерде бірге әрекет етуіміз қажет. Ынтымақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігімізді нығайтуға бағытталған ортақ жұмысымыз қос халықтың түпкі мүддесіне сай келеді.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз, кешеден бері біраз жұмыс атқардық.
Бүгінгі бейресми кездесу барысында ҰҚШҰ, ТМД аясындағы қызметімізді және
екіжақты ынтымақтастық жағдайын талқыладық. Дегенмен, Сізбен Қазақстан және Ресей
арасындағы өзара байланыстардың басым бағыттарын дамыту үшін арнайы
кездескеніме қуаныштымын. Менің ойымша, барлық сала оң қарқынмен алға ілгерілеп
келеді. Екі ел арасында шешілмеген немесе түйткілді мәселе жоқ.

