Қасым-Жомарт Тоқаев 14-15 қыркүйекте Тәжікстанға жұмыс сапарымен барады. Қазақстан Президенті Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіне және Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысына қатысады. Еске салайық, тамыз айында Тәжікстан Президенті жұмыс сапарымен Астанаға келді.
Қазақстан Тәжікстанмен сауда байланысын нығайтуда
Қос ел арасындағы тауар айналымға келер болсақ,
оның көлемі биылғы жылдың алғашқы жартысында 557 млн доллардан асты. Қазақстан
Тәжікстанның ірі сауда серіктестерінің үздік үштігіне кіреді. Еліміздің сауда
және интеграция министрлігінің мәліметінше, көрші мемлекетке отандық өнімдердің
экспорты 7% ұлғайып, АҚШ валютасында 387 млн-нан асып жығылған. Тәжікстанға
қазақстандық бидай, күнбағыс майы, легирленбеген болаттан жасалған бұйымдар мен
мұнай тауарлар жеткізіледі. Жақында ғана жергілікті кәсіпкерлер Душанбеге
сауда-экономикалық миссиямен барды. Оның аясында орын алған іскерлік
кездесулердің қорытындысы бойынша ел бизнесмендері жалпы құны 82 млн-ға
бағаланған бірқатар келісімшартқа қол жеткізді.