Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің ынтымақтастық әлеуеті
екі елдің бизнес форумында пысықталды. Алқалы жиын Астанада өтті. Қазақстан
Президенті мен Абу Дабидің тақ мұрагері шараның жабылу салтанатына қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық және
инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады. Бұған
жалпы сомасы 5 миллиард долларға жуық қол қойылған құжаттар да ықпал етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біріккен Араб Әмірліктері – еліміздің Шығанақ
аймағындағы жетекші сауда және инвестициялық серіктесі. Бүгінге дейін экономикамызға
4,3 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. БАӘ-нің 2031 жылға дейінгі даму
стратегиясы біздің инновация, өнеркәсіпті дамыту және әртараптандыру
бағытындағы ұлттық басымдықтарымызбен үндеседі. Сондықтан біз серіктестерімізге
қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз.
Қазақстан инвестициялық
тартымдылықты арттыруға баса мән беруде. Елде Экономикалық ынтымақтастық пен
даму ұйымының халықаралық стандарттары мен қағидаттарына сай экономикалық
реформалар жүргізілуде. Шетелдік инвесторларға, оның ішінде Біріккен Араб Әмәрліктері
компанияларына жедел көмек беру үшін Инвестиция тарту жөніндегі Кеңес құрылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Энергетика, логистика, қаржы, интеллектуалды технологиялар, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа түрлі салада ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүмкіндік мол. Masdar, Presight, Abu Dhabi Ports, Terminal Holdings және Аbu Dhabi Commercial Bank cекілді серіктестерімізбен бірге жүзеге асырып жатқан маңызды жобалар өзара ықпалдастықтың қарқын ала түскеніне айқын дәлел. Осы және басқа да бастамалар екіжақты қарым-қатынастың дәйекті әрі тиімді дамып келе жатқанын көрсетеді.
Бизнес форум аясында 9
құжатқа қол қойылды. Оның ішінде зауыт, мәліметтерді
өңдеу орталығы, «Құрық» портындағы терминал құрылысына
инвестиция тарту жөніндегі келісімдер бар. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Даби Тақ мұрагері «Астана» халықаралық қаржы
орталығына барды. Мәртебелі меймандарға онда орталық Соты, Қаржы қызметін
реттеу комитеті, биржа және Халықаралық төрелік орталығының ерекшеліктері
көрсетілді. Естеріңізге салсақ, бүгінгі таңда Біріккен Араб Әмірліктерінің 46
компаниясы «Астана» халықаралық қаржы орталығының резиденті ретінде тіркелген.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті мен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халиф бен
Заид Әл Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейге барды. Мектеп оқушылары араб тілі
мен әдебиетін меңгеруде жеткен жетістіктерін көрсетті. Мемлекет басшысы мен Абу
Дабидің Тақ мұрагері «Этноауыл» көрмесін де аралады. Ол қазақ халқының бай
тарихы мен рухани құндылықтарына арналған.

