«Қазақстандық-америкалық қарым-қатынастарға отыз жыл: қаңтар дағдарысы және болашаққа жол». Осындай тақырыппен АҚШ-тың жетекші сараптама орталықтарының бірі саналатын Атлантикалық кеңес алаңында панельдік пікірталас өтті. Жиында Қазақстанның қаңтар оқиғасынан кейінгі саяси және экономикалық реформалары және қос ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытудың маңыздылығы талқыланды. Қатысушылар Қазақстанның ғаламдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесін атап өтті. Ал Қазақстанның Елшісі панельге қатысушыларға қаңтар оқиғаларының түпкі себептерін жою бойынша атқарылып жатқан шаралары туралы баяндады. Атлантикалық кеңестің сарапшылары Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестіктің нығая түсеріне сенім білдірді.
Джон Хербст, Атлантикалық кеңес Еуразиялық орталығының директоры:
- Мен жылдар бойы «АҚШ-тың Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі – Қазақстан» деп айтып келемін. Қазір мұның өзектілігі тіпті арта түсті. Алдағы уақытта АҚШ-тың жоғары ресми өкілдерін Қазақстанға жіберіп, Қазақстанның өкілдерін Вашингтонға шақырып, осылайша әріптестікті арттыруымыз қажет. Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтандырушы және теңгеруші рөлін атқарып келеді. Сондай-ақ өзінің тиімділігін дәлелдеген көпвекторлы сыртқы саясатын сәтті жүзеге асыруда.