Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ұлтымыздың ұлық мерекесімен құттықтап, егеменді елімізге еңбегі сіңген азаматтарға жоғары наградалар мен Мемлекеттік сыйлықты салтанатты түрде табыстады. Президент еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауына балады. Ынтымақтастығы жарасқан ұлт мықты мемлекет болудың кепілі. Ауқымды саяси жаңғырулар арқылы мемлекетіміздің демократиялық дамуының жаңа бағдары айқындалды. Конституциялық реформаны іске асыру нәтижесінде биліктің негізгі институттары қайта құрылымдалып, орнықты саяси жүйе қалыптасты. Бұл саяси жүйенің негізі – ашықтық пен әділдік, тиімділік пен бәсекеге қабілеттілік. Ең бастысы, халыққа қызмет ету қағидасы қамтылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті  

– Жақында өткен Атом электр станциясын салу жөніндегі референдумның қорытындысы – соның жарқын дәлелі. Азаматтардың 70 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл халқымыздың тағдыршешті сәттерде өрлеу жолын таңдайтынын көрсетті. «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидаты – мемлекеттік саясатымыздың негізі. Жалпы, энергия тапшылығының артуы – еліміз үшін өте өзекті мәселенің бірі. Оны дер кезінде шешпесе, экономикамыздың дамуына кедергі келтіріп, азаматтардың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізеді. 

Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына сәйкес ауқымды жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды. Елдің көлік, энергетика және индустрия жүйесі қайта құрылып жатыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының даму қарқынына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті  

– Қазақстан әлемдік азық-түлік нарығындағы рөлін күшейте береді. Қазір күзгі жиын-терін науқаны аяқталып қалды. Диқандар қауымына шынайы ризашылық білдіремін. Көктемгі тасқынға қарамастан 26 миллион тоннадан астам астық жиналды. Мұны рекордтық көрсеткіш деуге болады. Бұған мемлекет тарапынан көрсетілген нақты көмек те септігін тигізгені анық. Биыл көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемі үш есе көбейді. 

Президент шағын және орта бизнес халықтың экономикадағы белсенді бөлігін жұмыспен қамтып отырғанын атап өтті. Экономиканы ырықтандыру жөніндегі Жарлық іскерлік белсенділікті арттыруы тиіс. Президент елімізде басымдық беріліп отырған әлеуметтік салаларға тоқталды. Бұл ретте денсаулық сақтау және білім беру нысандарына жан-жақты қолдау көрсету жалғасады. Сыртқы саясатқа келсек, Қазақстан әлемдік аренадағы орнын дәйекті түрде нығайту арқылы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қосып келеді. Еліміз тұрақтылық пен келісім мекені болып қалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деді Президент. 

Мәншүк Шымырбай.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?