Қазақстанда су қауіпсіздігі мәселелеріне үлкен мән
беріледі. Қазір елімізде су тасқыны мен оған қарсы іс-шараларды арттыру бойынша
жұмыстар жүргізілуде. Эр-Риярдта өткен саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев атап
өткендей, қауіп-қатерлерді азайту және халықты қорғау үшін ерте ескерту жүйесін
нығайту маңызды. Болжам жасауды да естен шығармаған жөн. Айта кетейік, қазір
Қазақстан бұл бағытта Нидерландымен белсенді өзара іс-қимыл жасауда. Бұл елдің
сарапшылары Астанада жазда және күзде су тасқынына қарсы іс-қимыл және су
саласы мамандарын даярлау бойынша семинарлар өткізді.
Нико Схермерс,
Нидерландының Қазақстандағы елшісі:
- Менің ойымша, біздің елдеріміз бірлесіп шешетін басты мәселе - бұл үлкен аумақта есеп жүргізу. Климаттың өзгеруіне байланысты біз жаңа сын-қатерлерге тап боламыз және Нидерланды осы міндеттерді шешу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігімен ынтымақтасуға дайын. Қазақстанда көптеген донорлық ұйымдар жұмыс істейді және Үйлестіру кеңесінің құрылуы ведомствоның халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруді және үйлестіруді елеулі түрде қолға алғанын көрсетеді.
Айта кетейік, еліміздің су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесінің құрамына БҰҰ, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері, сондай-ақ шетелдік даму агенттіктерінің, дипломатиялық корпус пен бизнестің өкілдері кіреді.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

