Қазақтың ұлттық дәстүрлері, атап айтқанда «салбурын» мен «беташар» ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енеді. Бұл туралы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Мемлекет басшысы мәдениет пен өнерді дамыту мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі екенін жеткізді. Осы орайда еліміздегі ең басты үш музейге ұлттық мәртебе берілмек. Сондай-ақ Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімін беру туралы шешім қабылданды. Ұлт руханиятын жаңғырту ісіне қатысты нақты шаралар легі бұл ғана емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР-ның Президенті:
-Былтыр мәдени саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдадық. Бүгінде мемлекет осы маңызды саланың инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән береді. Тек соңғы үш жылда ел аумағында 700-ден астам ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 160 жаңа нысан салынды. Мәдениет және өнер мекемелерін жабдықтау деңгейі біртіндеп жақсарып келеді. Соңғы отыз жылда алғаш рет бейінді оқу орындары мен мемлекеттік концерт ұйымдарына музыкалық аспаптар сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінді.