Қазақстан сот жүйесінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар енгізу бойынша 47 мемлекеттің ішінде 4-орынға тұрақтады. Мұндай тың деректі сот төрелігі жөніндегі Еуропалық комиссия өзінің былтырғы есебінде жариялаған.
Бұл халықаралық көрсеткіштің көшін Эстония, Латвия, Венгрия елдері бастады. Бүгінде отандық сот жүйесінде өтініш беруден бастап, үкімге дейін онлайн бақылау мүмкіндігін беретін сандық шешімдер қолданылып келеді. Тіпті қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік істерді саралап, сотталушының жазасын өтейтін түзету мекемесін таңдауға септесетін судьялардың көмекші модульдері жұмыс істеуде. Сот тәжірибесінің озық үлгідегі цифрлық сараптамалық жүйелері жасанды интеллектке негізделген.
Абай Рахметулин, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы:
– Осы жылы бітімгерлік шешімдер шығаратын судьяларға қатысты модуль ендіруді жоспарлап отырмыз. Бұл жүйе түрлі даулы істердің екі жаққа да тиімді үкімін шығаруға септеседі. Алдағы уақытта да жасанды интеллектіні өз жүйемізде ұтымды қолдануды дамыту үшін көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Бұл бағытта жоспар көп. Оның бәрін қоғамға жеткізетін боламыз.