Мемлекет басшысы «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» атты тақырыпта дәріс оқыды

«Әлем соғысты тоқтатуға тырысқаннан гөрі, оның алдын алуы тиіс». Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді жұмыс істейтін көпжақты ынтымақтастық жүйесін – дауларды бейбіт жолмен шешуге тырысқан ешқандай «ізгі амал» алмастыра алмайтынын айтты. Президент мүдделер қақтығысы ушыққан тұста БҰҰ реформасын жүзеге асыру кезек күттірмейтін шара екеніне тағы бір мәрте назар аударды.

Мемлекет басшысының 46-шы Сингапур лекциясы жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету ісіндегі орта державалардың атқаратын рөліне арналды. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде қауіпсіздік архитектурасының іргесі жылдам сөгіліп бара жатқанын нақты дәйектермен дәлелдеп берді.

Мәселен, былтыр әлем елдерінің әскери салаға жұмсаған шығындары 2,2 трлн долларға дейін жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бұл тұрғыда Қазақстанның жауапты дипломатияның қағидаттары мен құндылықтарын қатаң сақтауға бейілді екенін жеткізді.

Сондай-ақ Орталық Азия үшін Сингапурдың АСЕАН кеңістігінде ашық әрі инклюзивті аймақтық архитектураны құруды көздейтін «өзара тоғысатын достар ортасы» ұғымы өзекті. Дәл сол себепті Орталық Азия С5+ ынтымақтастық тетігін құру бастамасын көтерді, деп атап өтті Президент.

Айта кетейік, Юсоф Исхак институты ұйытқы болған Сингапур лекциялары 1980-жылдардан бері ұйымдастырылып келеді. Бұл мемлекет басшылары мен әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткерлердің ұстанымдарын тікелей тыңдауға мүмкіндік беретін бірегей алаң.