Оралда тасқын судан стратегиялық маңызды нысандарды қорғау жұмысы қарқынды

Оралда тасқын судан стратегиялық маңызды нысандарды қорғау жұмысы қарқынды

Батыс Қазақстан облысында тасқын судың алдын алуға бағытталған шаралар белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, тұрғындар үшін стратегиялық маңызды нысандарға ерекше көңіл бөлінуде. Оралда қаланың су, жылу және электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етілуі үшін ауқымды шаралар қолға алынуда. Барлық апаттық бригадалар мен коммуналдық шаруашылық мекемелері барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылып, сақадай сай дайын. Сонымен қатар Жайық өзенінің бойында жағаны күшейту жұмыстары жүргізіліп, бөгеттер тұрғызылып, жер қазылуда. Ал тасқын су басуы мүмкін деген аймақтарға құм және қиыршық тас аралас төгілуде.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов жақында Жайық, Шаған және Дерқұл өзендерінің бойындағы жұмыстардың барысын тексерді. Басты мақсат – елді-мекендердің тұрғындарын және олардың үйлерін тасқын судан қорғау.

Айта кетсек, бүгінде Батыс Қазақстан облысында тасқын судың алдын алуға жұмылдырылған адамдардың саны 6 мыңнан, ал техниканың саны мың жарымнан асты.

Тілек Теміралиев, әскери қызметкер:

– Бүгінде Орал қаласындағы Пугачев ауданындағы жағалау бөгетін күшейтуге пәрмен алдық. Біздің бөлімнен 60 адам осы жерде жұмылдырылған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, жұмыс қарқынды, 2-3 күн ішінде аяқтаймыз деп отырмыз. Осындай жұмыс істеп жатқанымызға шамамен 1 айдай болды. Оралда тасқын судан стратегиялық маңызды нысандарды қорғау жұмысы қарқынды.