Былтыр Қазақстанға Германиядан тартылған тікелей инвестиция көлемі 770 миллион долларға жеткен. Көрсеткіш бірден 64% өсті. Екі елдің экономикалық ынтымақтастығын одан әрі нығайту перспективалары, неміс бизнесінің жобаларға қызығушылығының артуы туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы және CLASS Group компаниясы байқаушылар кеңесінің төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзермен кездесуі барысында айтылды.
Мемлекет басшысы мәлімдегендей, Германия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы стратегиялық серіктесі болып табылады. Кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Осы орайда, Президент бұған дейін Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құру жөнінде ұсынысын еске салды. Бұл орталық еліміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін барынша толық пайдалануға, инновациялық технологияларды енгізуге және оларды коммерцияландыруға ықпал етеді.