Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасында ел намысын қорғаған спортшылар мен бапкерлерді мемлекеттік наградамен марапаттады. Президент әрбір жеңіс зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі екеніне назар аударды. Сонымен қатар, төртжылдықтың додасынан жүлдемен оралған спортшыларға, бапкерлер мен атлеттерді дайындауға үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Респбубликасының Президенті:

- Шын мәнінде, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, әлемдік бәсекеде жеңіске жету оңай емес. Мұндай жаһандық додада ел қоржынына түскен әр медальдің орны айрықша. Сондықтан, бүгін, мен, Олимпиада жүлдесіне ие болған барша спортшыларымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жеңіс жолында спортшы ғана емес, сол саланың көптеген мамандары да тер төгеді.

Әйтсе де, кәсіби спортта шешімін күткен түйткілді мәселелер  жетіп артылады. Сондықтан, Мемлекет басшысы салада кешенді реформа жасайтын уақыт келгенін айтты. Салалық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжейлі талдау жасауы тиіс. Мәселен, шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесі. Президент бұл үрдісті доғару керек екенін айтып, жергілікті бапкерлер мен спортшыларды қолдауға шақырды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бұқаралық, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спортына баса мән беру қажет екеніне тоқталды. Олимпиада резервін дайындайтын мектеп-интернаттар мен колледждер де жан-жақты қолдауға мұқтаж.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Респбубликасының Президенті:

- Мұндай оқу орындары барлық аймақта болуы қажет. Алматыда жаңа Олимпиадалық даярлық базасы салынды. Бұл біздің спортшыларымыздың жоғары деңгейде жаттығуына зор мүмкіндік береді. Қазір Астанада Ұлттық спорт университеті салынып жатыр. Оқу орны спорттық білім берумен шектелмейді. Онда заманауи зерттеу орталығы ашылады. Осының бәрі елімізде чемпиондардың жаңа буынын дайындап шығаруға жол ашатынына сенімдімін

Мемлекет басшысы спортшыларды даярлаудың бірыңғай стандартын әзірлеп, бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыруға бағытталған шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, республикалық федерациялардың қызметіне сараптама жүргізіп, қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау  міндетін жүктеді. Ал, Үкіметке спортқа қатысты мекемелердің барлық деңгейіндегі басқару вертикалін қалпына келтіруді міндеттеді. Сөз соңында Президент Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларымызға сәттілік тіледі.