Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері Ақордада талқыланды. Мемлекет басшысы осы елдің экономикалық делегациясын қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев өзара сауда-саттықты арттырып, инвестиция көлемін ұлғайту үшін мол әлеует бар екенін айтты. Қазіргі уақытта Үкімет 800 әлеуетті инвестициялық жобадан құралған жобалар пулын әзірледі, деді Президент. Ол елімізде Германияның техникалық институттары өкілдіктерін, зертханаларын, ғылыми және құзырет орталықтарын ашу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын жеткізді. Ал Германия тарапы неміс бизнесі Транскаспий көлік дәлізін дамытуға, кен орындарын игеруге және энергетикалық сектордағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық білдіретінін хабарлады.