Қазақстанның Премьер-Министрі Ташкентте Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 16-саммитінде бизнес-серіктестерді жаңа жоғары технологиялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Әлихан Смайылов қазіргі таңда осы бірыңғай кеңістіктегі елдермен машина жасау, металлургия, жеңіл және химия өнеркәсібі, құрылыс индустриясы мен жер қойнауын пайдалану сияқты салаларда бірлескен 26 жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Олардың жалпы құны 3 млрд долларға жуықтаған. Сондай-ақ үкімет басшысы «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржолы Орталық Азия мен Таяу Шығыс өңірлерінде ынтымақтастық мемлекеттері арасындағы ең қысқа жол ретінде ерекше маңызға ие екенін тілге тиек етті. Осы жылдың 9 айында аталған бағыт бойынша Иранға қарай жүк ағыны 9% артып, бір жарым млн тоннадан асты. Әлихан Смайыловтың пікірінше, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту да дәліздің өткізу қабілетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Әлихан Смайылов,
ҚР Премьер-Министрі:
- Қазақстан
Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға басымдық бере отырып,
инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларға белсенді түрде қатысуда. Оның
әлеуетін арттыру мақсатында өткен жылдан бастап, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия
және Түркия мемлекеттері 2027 жылға дейін «тар» жерлерді синхронды жою және
Орта дәлізді дамыту бойынша Жол карталарын іске асыруда. Олар маршруттың өткізу
қабілетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Өзбекстаннан Қазақстанның
батыс аймақтарына тікелей қатынасты қамтамасыз ету үшін «Бейнеу-Шалқар»
автожолы салынады, ол 8-ші ТРАСЕКА жол дәлізін құру жұмыстарын аяқтауға
мүмкіндік береді.
Ынтымақтастықты нығайтудың енді бір басым бағыты – өңіраралық сауданы ынталандыру. Тек өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық ұйымы елдерімен өзара тауар айналымы 40% өсіп, 16,5 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткіштерді жақсарту үшін біздің ел Ұйымға мүше әр мемлекетке қосымша орта есеппен 100-ге жуық тауар түрін экспорттауға дайын. Әлихан Смайылов осы мақсатта Қазақстан аумағында трансшекаралық хабтарды салу бойынша ауқымды жобалар іске асырылып жатқанын жеткізді.