Жыл соңына дейін 93 елді мекен газбен қамтылады. Осы мақсаттарға бюджеттен қосымша 50 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бұл туралы еліміздің Энергетика министрі Болат Ақшолақов үкімет отырысында айтты. Ведомства басшысының мәліметінше 2021 жылдың қорытындысы бойынша республиканы газдандыру көрсеткіші 57,67 пайызға жетті. Осылайша бүгінгі күнге дейін 11 млн адам көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар елімізді газдандырудың 2015- 2030 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылуда. Қосымша газды тұтынудың көлемі күрт өсуіне байланысты министрлік «Қазақгазбен» бірлесіп «Газдандырудың бас жоспарын» жетілдіруде. Жобаны іске асыру бойынша бюджеттен, «Қазақгаз» және Республика заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қосымша ақша тарту көзделген.
Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:
– Ағымдағы жылы елді газдандыруды дамытуға министрліктің бюджеттік бағдарламасы бойынша Республикалық бюджеттен 45,8 млрд теңге бөлінді, сондай-ақ 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде қосымша 50,1 млрд теңге қолдау тапты. Нәтижесінде 133 жобаны іске асыруға 96 млрд.теңге қарастырылып, бұл 146 мың адамды немесе 93 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған газдандыру деңгейі – 58,43 процент.
Сондай-ақ министр, «газдандырудың бас жоспарын» жетілдіруден басқа, газ тасымалдау инфрақұрылымын жаңғырту, көгілдір отынға баға белгілеу моделін өзгерту сияқты жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтты.