Қазақстан – әлем бойынша азық-түлікті жеткізудің белсенді қатысушысы. Еліміз аграрлық секторды экологияландыруды және орнықты дамытуды қолдайды. БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құруға бастамашы болғанын айтып өтті. Қазіргі таңда оның құрамында халқының жалпы саны 1,4 млрд-қа жуық 36 ел бар. «Осы ұйым аясында Қазақстан жыл сайын мұқтаж елдерге, оның ішінде Ауған халқына бидай мен ұн жеткізу сияқты қайтарымсыз гуманитарлық көмек көрсетіп келеді», – деді ол. Президент мемлекеттер арасындағы агротехникалық, ғылыми және инновациялық байланыстарды нығайту, сонымен қатар қаржы, инвестиция, көлік және логистика салаларын да ілгерілету керек екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны қолдау мақсатында тұрақты экожүйе қалыптастыру үшін барынша белсенді жұмыс істеуі қажет. Саммит аштықты жою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны жақсарту, тұрақты ауыл шаруашылығының дамуына ықпал ету сияқты орнықты дамудың екінші негізгі мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін.