Қазақстандық әскерилер Өзбекстандағы «Қамқорлық-2024» бірлескен оқу-жаттығуына қатысып жатыр. Бұл шара Орта Азия елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қамында ұйымдастырылған. Штабтық жаттығу аясында шартты қарсылас жасақтарының Мемлекеттік шекараға кіруі және оны бұзып өтуі кезіндегі бөлімшелерді басқару мәселелері орындалады. Операция барысында елді мекендерге өтіп кеткен қарсыластың шағын топтарын жою іс-әрекеті де пысықталады. Әскерлер бұл тәжірибе алмасуға, екі елдің қарулы күштерінің іс-әрекетін машықтап, кез келген сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге жедел ден қою үшін жауынгерлік әзірлікті арттыруға мүмкіндік беретінін айтады.
Ержан Мейрманов, Қазақстан Республикасы әскери контингентінің бастығы:
– Біз екі жақты қарым-қатынасымызды нығайтудың маңызды кезеңіне қатысып отырмыз. «Қамқорлық 2024» жаттығуларының ашылуы біздің ортақ мақсат аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге деген ұмтылысымызды білдіреді. Бұл іс-шара екі жаққа да пайдалы болатынына сенімдімін.
Дилмурод Юлдашев, Өзбекстан Республикасы Қарулы күштерінің орталық әскери округ қолбасшысының орынбасары:
– Бұл сапар бірлескен жұмыстың басы ғана. Ол жалғасын табатынына сенімдімін. Бірлескен оқу-жаттығу екі жаққа да тиімді болады деп ойлаймын. Біздің ынтымақтастығымыз одан әрі нығая түсетініне нық сенімдіміз.