Жаңа конституциялық реформаға сарапшылар пікірі

Жаңа конституциялық реформаға сарапшылар пікірі

Қазақстанда Конституцияға азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамның жауапкершілігін арттыруға бағытталған түзетулер енгізу жобасы талқыланып жатыр. Реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында депутаттар мен құқық қорғаушылар Негізгі заңда қазақстандықтардың экологиялық жауапкершілігін бекітуді ұсынды. Конституциялық комиссия мүшелерінің пікірінше, табиғатқа ұқыпты қарау тек әлеуметтік нормаға ғана емес, конституциялық міндетке де айналуға тиіс.


Сергей Пономарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі:


- Табиғатты аялаудың маңыздылығын конституцияға бекіте отырып, біз ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді адал атқарамыз. Әңгіме 31-бап туралы болып отыр, ондағы 1-ші тармақта: «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға міндетті» деп жазылған. Сондай-ақ 3-ші тармақ бойынша: «Лауазымды тұлғалардың адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін фактілер мен мән-жайларды жасыруы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады».


Экологиялық күн тәртібі - өзгерістердің бір бөлігі ғана. Астанада адам құқығына қатысты бастамалар да талқылануда. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан өлім жазасынан толық бас тарту, сондай-ақ түрлі жағдайларда азаматтарды міндетті заңнамалық қорғау сияқты ауқымды өзгерістерден өтті. Нәтижесінде адамның өмір сүру құқығы абсолюттік мазмұнға ие болды, ал мұның Конституцияда бекітілуі осы бағыттан таймаудың саяси-құқықтық кепіліне айналмақ.


Артур Ластаев, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі:

- Адамның фундаменталды құқығына ешқандай шектеу болмаса, ол абсолюттік сипат алады. Біз бұған барынша ұмтылдық және комиссия біздің ұсынысымызды қолдап, адамның өмір сүру құқығын абсолюттік деп таныды. Бұл біздің 25 жылдан астам уақыт бойы эволюциялық жолмен жеткен жетістігіміздің елеулі көрсеткіші болмақ. Осылайша, біз мемлекеттің өмір сүру құқығына қатысты ұстанымынан бас тарту ниеті жоқ екенін растаймыз.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?