Астанада өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы аясында Қазақстан Президенті халықаралық бизнес және қаржы институттарының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо таяу жылдардағы ынтымақтастық перспективасын талқылады. Әңгімелесу барысында цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға баса мән берілді. Халықаралық қаржы институты еліміздегі инновациялық экожүйелердің қалыптасуына қолдау білдірмек. Бүгінде банк Қазақстанда жалпы құны 3 млрд еуродан асатын 131 жобаны қаржыландырып отыр.
Мемлекет басшысы VEON компаниялар тобының бас атқарушы директоры Мухтерем Каан Терзиоглумен де цифрландыру мен АІ тақырыбын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында инвестор «Цифрлық Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруға аса қызығушылық танытты. Компания алдағы үш жылда бизнесін екі есе ұлғайтып, еліміздің экономикасына тағы бір млрд доллар инвестиция құюға ниетті.
Мемлекет басшысы Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен кездесуде 2027-2032 жылдарға арналған жаңа Стратегиялық серіктестік шеңберіндегі ықпалдастық мәселесін талқылады. Айта кетейік, бүгінге дейін Ислам банкі елімізге жалпы сомасы 4,2 млрд доллардан астам қаржы бөлген. Ал қазіргі және келешектегі жобалар портфелі 3 млрд доллардан асады.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Сауда палатасының аға вице-президенті Хуш Чоксимен кездесу өткізді. Тараптар ықпалдастықты кеңейту, соның ішінде аса маңызды минералдарды игеру, энергетика, өзара көлік байланысы және ауыл шаруашылығы салаларындағы әлеуетті талқылады. Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның Президент Дональд Трамп Әкімшілігімен сындарлы ықпалдастықты нығайта түсуге әзір екенін растады.
Ал Cameco корпорациясының атқарушы директоры Тим Гитцельмен кездесу барысында атом саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру әлеуеті қаралды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның өнеркәсіпті жаңғырту және қосылған құны жоғары өндірісті дамыту бағытын дәйекті түрде іске асырып келе жатқанына тоқталды. Президенттің айтуынша, ел ішінде толық ядролық отын циклін қалыптастыру басым бағыттардың бірі саналады.
Қазақстан Президенті AD Ports Group басқарушы және бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Шамисиді қабылдады. Әңгімелесу барысында Орта дәлізді дамыту аясында Каспий аймағының көлік-транзит әлеуетін кеңейту перспективасы талқыланды. Кездесуде жүк тасымалы саласындағы бірлескен кәсіпорындар қызметіне, сондай-ақ порт инфрақұрылымын дамыту, астық және жүк терминалдарын салу мәселесіне баса мән берілді.
Ақтөбе өңірінде сусын өндірісі бойынша кәсіпорнының
құрылысы басталды. Бұл Anadolu Group-тың Қазақстандағы 6 зауыты. Компания 30
жылда елімізге 1 млрд долларға жуық инвестиция құйған. Холдинг төрағасы Камиль Сулейман Языджи Мемлекет
басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа компаниялар тобының еліміздегі жұмыс нәтижесі
жөнінде мәлімет берді. Тараптар сондай-ақ экономиканың басқа да секторларында
бірлескен жобаларды қолға алудың мүмкіндіктерін қарастырды.

