Мемлекет басшысы Астанадағы жаңа медициналық нысандарды аралады

Мемлекет басшысы Астанадағы жаңа медициналық нысандарды аралады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылыми онкология орталығындағы жаңа корпустың құрылыс барысымен танысты. Нысан биыл тамыз айында пайдалануға беріледі. Жалпы ауданы 58 мың шаршы метрден асатын орталықта қатерлі ісіктерді диагностика жасауға және емдеуге қатысты әлемдік бірегей технологиялар шоғырланады. Мұнда ғылыми зерттеулер жүргізіп, ғылыми-техникалық бағдарламалар мен білім беру тәжірибелерін жүзеге асыруға жағдай жасалады. Сонымен қатар онкологиялық көмек көрсету бойынша интеграцияланған модель құру ісінде ұлттық үйлестірушіге айналады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жаңа медициналық мекеме құтты болсын. Әлемде мұндай орталықтар өте аз. Бұл біздің аймақтағы медициналық тәжірибе мен ғылымды ұштастыратын озық мекеме болмақ.

Сондай-ақ мемлекет басшысы медициналық авиация және жедел жәрдем қызметтерінің, науқастарды қабылдау бөлмелерінің жұмысын үйлестіретін орталықтың қызметімен танысты. Толық заманауи құрылғылармен жабдықталған кешенде 29 бағыт бойынша емдеу ісін жүргізетін 9 клиникалық департамент және 250 орындық стационар құрылады.