Атырау өңірі су тасқынының болжамды екінші толқынына қамданып жатыр. Қазақстанның Премьер-Министрі облыс орталығының және жалпы аймақтың төтенше жағдайға дайындығымен танысты. Олжас Бектенов жұмыс сапары барысында табиғи апатқа төтеп беру үшін қабылданған шараларды тексерді. Үй алаптарын су басу қаупінен қорғауда бекіністердің маңызы зор. Сондықтан бөгендер тасқынға қарсы жаппай нығайтылуда. Облыс төтенше жағдайға әзір. Өзен бойымен ұзындығы 480 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері салынды.
Дегенмен, Үкімет басшысы Атырау өлкесіне бүгінгі таңда тасқын жағдайы тұрақталып, қарғын судың қаупі сейілген өңірлерден әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізіп, күштерді арттыруды тапсырды. Еске сала кетейік, аталмыш аймақта Ресей Федерациясының Ириклин су қоймасынан судың келуіне байланысты, сондай-ақ Жайық өзеніне құйылар сағадағы ірі тасқын мен су деңгейінің көтерілуі салдарынан жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Бұрын хабарланғандай, Батыс Қазақстан облысы тарапынан келетін судың әсерінен Атырау қаласында су деңгейінің 6 см-ге көтерілуі тіркелді. Қауырт маусым басталғаннан бері оның жалпы көтерілуі 227 см-ді құрады.
Руслан Жұмағазиев, Атырау облысы жедел штабының ресми өкілі:
– Атырау облысында тасқынның екінші толқынының алдын алу үшін жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүкіл Атырау өңірі бойынша қазір 520 шақырым жерде тиісті шаралар атқарылып жатыр. Оның ішінде 482 шақырым жерде толық жұмыс аяқталды деуге болады. Атқарылған жұмыс көлемі 92% жетті. Осы шараларға 16 мыңнан астам адам тартылған. Сондай-ақ, Орал-Каспий арнасының тереңдігін кеңейту жұмыстары да жалғасуда. Дәлірек айтсақ, Жайық өзенінің Каспий теңізіне құятын жері қамтылуда. Бұл өз кезегінде Орал өзеніндегі судың теңізге тез жетуіне септеседі.