Астана халықаралық қаржы орталығы іске қосылғалы елге 11 млрд доллардан
астам инвестиция тартуға атсалысқан. Оның
ішінде былтыр және осы жылдың алғашқы 3 айында 3,5 млрд доллар кірді. Қаржы
орталығының басқарушысы Ренат Бектуров жұмыс
нәтижелері жөнінде мемлекет басшысына баяндады. Өткен
жылы орталықта тіркелген компаниялардың саны 670 асқан. Бұл – рекордтық
көрсеткіш. Жалпы қазір мұнда әлемнің 78 елінен 2600 аса компания жұмыс істейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы орталығын одан
әрі дамытуға қатысты бірқатар өзекті міндетті айқындап берді. Атап айтқанда,
өңір үшін жасыл қор тарту және орта дәлізді дамыту ісіндегі рөліне тоқталды.
Ренат Бектуров, АХҚО басқарушысы:
- Бүгінгі таңда біз Орталық Азия және Шығыс Еуропа
аумағында жасыл қаржы бойынша «ДжиЭфСи»
рейтингіне сәйкес бірінші орында келеміз. Тағы айта кетерлік жайт, жақында
Қазақстан даму банкі өзінің 100 млрд теңге көлемінде алғашқы жасыл
еуробонттарын ұсынды. Бұл да біздің
қатысуымызбен жүзеге асты. Есеп қорытындысы бойынша, Президент Астана халықаралық
қаржы орталығының көшбасшылығын дамытуға, қаржы институттарының санын
көбейтуге, орталығымыздың халықаралық аренада көшбасшылық рөлін арттыруға
тапсырма берді.