Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Мерейтойлық саммит Мәскеуде өтті. Бұл жөнінде тараптар өткен жылы келіскен болатын. Шағын құрамда мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ықпалдастықтың маңызды міндеттері мен негізгі бағыттарын талқылады. Кеңейтілген формат отырысына делегация мүшелері және Өзбекстан мен Куба бақылаушы елдері қосылды. 10 жыл ішінде Одақ үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Өзара сауда 2 есеге жуық артқан. Мәселен, тек Қазақстаннның Одаққа мүше елдермен тауар айналымы 2015 жылғы 16 млрд доллардан 2023 жылы 28,5 млрд дейін жетіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру, өнеркәсіптік кооперацияны ілгерілету және қызметтердің ортақ нарығын қалыптастыру арқылы жоғары деңгейдегі өзара интеграциялық ықпалдастық нығая түседі. Қазір басты мақсат - бірлестіктің мүмкіндіктерін кеңейту. Ол үшін әлеует жеткілікті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР-ның Президенті:
- Бізге шын мәнінде біртұтас әрі жүйелі жұмыс істейтін кедергісіз ішкі нарық құру қажет. Жасырын шектеулерді, «нақты жағдайға байланысты шешімдерді» және қолмен басқарудың кез келген түрін қолдану тәжірибесін толықтай жою маңызды. Бұл Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының сөзсіз басымдығы болуға тиіс.
Қазақстан Президенті «сыртқы сауданы қайта құру» ісін тағы бір негізгі міндет ретінде атап өтті. Еуразиялық өнімді шетелдік нарыққа неғұрлым белсенді шығару үшін тиісті жағдай жасау қажет. Тауарды үшінші елдерге кедергісіз тасымалдау ісін қамтамасыз ету өте маңызды. Бұл ретте Қазақстан Моңғолиямен уақытша сауда келісімін жасау жөніндегі келіссөздерді бастау туралы шешімді қолдайды. Оған қоса Азия, Африка және Таяу Шығыстағы жылдам дамып келе жатқан елдермен ынтымақтастықтың әлеуеті зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР-ның Президенті:
-Әлемдік жалпы ішкі өнімнің қазіргі 60 пайыздық өсімі тек Азияға тиесілі болады деген болжамды ескерсек, жаһандық Оңтүстікпен арадағы кооперация ерекше қызығушылық туғызады. Қазақстан сияқты Парсы шығанағының нарығына шығу үшін Экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді Халықаралық көлік дәлізін құру жөніндегі Ашхабад келісіміне қосылуға шақырамыз.
Сыртқы нарықтарға шығу үшін орнықты көлік жүйесінің болуы маңызды. Ол үшін теміржол инфроқұрылымын жаңғырту және кеңейту қажет. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев тариф саясаты мен кеден рәсімдерін үйлестіру және бірыңғай цифрлық дәліз құру арқылы тұтас логистика желісін қамтамасыз ету керек деп санайды. Қазақстан келесі жылы теміржол тасымалы саласында жасанды интеллект элементтерін кәдеге жаратуға ниетті. Мемлекет басшысы жалпы цифрландыру бағытындағы ынтымақтастық интеграциялық бірлестікті дамытудың қозғаушы күші болуы тиіс деп есептейді. Оның үстіне, IT-технологияларды робототехникадан биотехнология мен ауыл шаруашылығы ғылымына дейін қолдану аясы өте кең. Сондай-ақ өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету қажет. Бұл қосымша құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мәселен, Қазақстан Одаққа мүше елдермен 150-ден астам индустриялық жобаларды жүзеге асыруда. Айта кету керек, келіссөздер барысында бірқатар құжатқа қол қойылды.